×

Атырау облысында Құлсары мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері аналардың бастамасымен ашылды

Adal Adam 18.12.2025 | 10:43
Атырау облысында Құлсары мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері аналардың бастамасымен ашылды
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы бес мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Салтанатты іс-шара барысында жаңа инклюзивті кабинеттерді ашу құрметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың аналарына берілді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Атырау облысында бұл жобаны бірлесіп іске асыру бастамасы бір жыл бұрын «Samruk-Kazyna Trust» қоры тарапынан ұсынылған. Қазіргі таңда жоба «Теңізшевройл» компаниясымен серіктестікте Жылыой ауданының мектептерінде толық жүзеге асырылды.

Инклюзияны қолдау кабинеттері «Samruk-Kazyna Trust» қорының жаңартылған үлгісі бойынша жабдықталған. Жалпы аумағы 140 шаршы метрді құрайтын кеңістікте екі негізгі бағыт қарастырылған: инклюзияны қолдау кабинеті және емдік дене шынықтыру кабинеті.

Инклюзияны қолдау кабинетінде логопед, дефектолог және психолог мамандар балалармен жұмыс жүргізеді. Олар балалардың сөйлеу қабілетін, оқу дағдыларын және мінез-құлқын дамытуға бағытталған жұмыстар атқарады. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған сурет салу мен қолөнерге бейімделген арнайы шеберхана қарастырылған.

Емдік дене шынықтыру кабинетінде балалар ойын элементтері арқылы қозғалып, денесін шынықтырады. Сабақтар қозғалыс белсенділігін арттыруға, тепе-теңдікті сақтауға және бұлшық еттерді нығайтуға бағытталған. Әрбір кабинет сенсорлық ойындармен, оқу-дидактикалық материалдармен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл балалардың мектеп ортасына бейімделуін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бес инклюзияны қолдау кабинетін ашу және толық жабдықтауға арналған жобаның жалпы бюджеті 151,9 миллион теңгені құрады.