×

Серік Шәпкенов өңірдің дамуы бойынша тұрғындармен ашық диалог өткізді

Adal Adam 19.12.2025 | 12:05
Серік Шәпкенов өңірдің дамуы бойынша тұрғындармен ашық диалог өткізді
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Атырау облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар Құлсары қаласында талқыланды. Кездесу барысында тұрғындар баспана, жол, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым мәселелері бойынша сұрақтарын жолдады.

Ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Игілік» бағдарламасы аясында Шоқпартоғай ауылында 280 орындық балабақша салынды. Келесі жылы Майкөмген ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталмақ. Құлсары қаласында салынып жатқан 1 200 орындық мектеп пен 300 орындық білім беру-инновациялық лицей 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Ауылдардағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қарағай елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді.

2024 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 9 көп қабатты тұрғын үй толық сүріліп, тұрғындар жаңа баспанаға көшірілді. Сонымен қатар, Құлсары қаласында 18 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. 2026 жылы қаланың бес ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің қасбеттерін қайта жаңарту жоспарланған.

Құлсары қаласында электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, Болашақ шағын ауданына 4,3 шақырым көше жарығы орнатылды. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Аудан орталығында тәулігіне 18 мың текше метр су тазалайтын станция мен сорғы станциясы салынып жатыр. Магистральдық кәріз желілерін жаңарту және Жаңа Қаратон кентіндегі кәріз жүйесін қайта жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Құлсары қаласында тәулігіне 10 мың текше метр сарқынды суды тазалайтын жаңа кәріз тазарту станциясының жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталуы жоспарланған.

Соңғы жылдардағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 84,7 пайызға жетіп, бүгінге дейін 134,3 шақырым жол жөнделді. Қозғалысты оңтайландыру мақсатында Құлсары қаласында теміржол өткелін салу жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Биыл қаланың теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат пен оның аумағы заманауи талаптарға сай жаңартылды.

Ішкі туризмді дамыту үшін «Ақмешіт» бағыты бойынша 34 шақырым автокөлік жолының реконструкциясы басталды. Жобаның аяқталуы 2026 жылғы қарашаға жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар баспана, жол, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымға қатысты сұрақтарға жауап алды және жеке мәселелері бойынша қабылданды.