×

Атырауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» қорытындыланды

Adal Adam 20.12.2025 | 11:33
Атырауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» қорытындыланды
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Атырау облысында «Жұмысшы мамандықтар жылының қорытынды кеші» өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, еңбек адамының беделін арттыруға және кәсіби шеберлікті дамытуға үлес қосқан үздік мамандарды марапаттады, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Кеш барысында аймақ басшысы жұмысшы мамандықтарының өндіріс пен экономиканың негізгі тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдегі инфрақұрылымның дамуы, заманауи ғимараттардың салынуы, көшелердің жарықтандырылып, тазалығының сақталуы – күнделікті маңдай терімен еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың еңбегінің нәтижесі.

– Бүгінгі зәулім ғимараттардың бой көтеруі, көшелеріміздің жарықтандырылуы мен тазалығы – жұмысшы мамандық иелерінің еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл жыл – жұмысшы мамандықтарын дәріптеп қана қоймай, олардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға, абыройлы әрі қажетті кәсіп екенін ұғындыруға бағытталған маңызды бастама.

Бұл – бір ғана мамандық иесін немесе бір адамды марапаттаумен шектелетін шара емес. Бұл – осы салада адал еңбек етіп жүрген барша азаматтарға ел атынан білдірілген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі. Біз осылайша жұмысшы мамандықтарын ұлықтап, олардың қоғамдағы беделін арттыруды мақсат етеміз, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Жыл қорытындысы бойынша өңірде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді. Дуалды оқыту жүйесі кеңінен енгізіліп, құрылыс саласы бойынша колледждер альянсы құрылды. Сонымен қатар бірқатар оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, облыс мектептерінде 30 бейінді сынып ашылды.

Қорытынды кеш барысында халықаралық және республикалық деңгейдегі WorldSkills, EuroSkills, MedSkills және өзге де кәсіби шеберлік чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік түлектер мен студенттерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың кәсіби шеберлігі мен еңбегіне көрсетілген нақты қолдау ретінде бағаланды.

Сонымен қатар жұмысшы кадрларды даярлауға үлес қосқан педагогтерге, өндіріс орындарының өкілдері мен кәсіпкерлерге облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары тапсырылды. Іс-шара еңбек адамына деген құрметті арттырып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын айқындай түсті.