Атырауда облыстық ата-аналар форумы өтті
Атырау қаласында облыстық Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Ұрпағыңмен мың жаса» атты ата-аналар форумы өтті. Іс-шараға 300-ге жуық ата-ана, педагог, қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Форум аясында отбасы құндылықтарын насихаттауға белсенді атсалысқан 8 ата-анаға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізіп, серіктестікті нығайтуда үздік нәтиже көрсеткен 8 білім беру ұйымы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың атынан марапатталды.
Іс-шара барысында ата-аналардың білім беру үдерісіне қатысуын арттыру, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік және мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланыс мәселелері кеңінен талқыланды. Форум ата-ана, педагог және қоғам өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
– Қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар арқылы ата-аналар білім беру үдерісіне араласып, бала тәрбиесінің қалай жүргізіліп жатқанын өз көздерімен көріп, нақты үлес қоса алады. Бұл өз кезегінде ата-ана мен педагог арасындағы сенімді серіктестікті қалыптастырады. Осындай бірлескен жұмыс балалардың саналы, жауапты азамат болып өсуіне берік негіз қалайды. Сондықтан ата-ана, мектеп және қоғамның үйлесімді әрекеті әрқашан оң нәтиже береді, – деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Сонымен қатар форум аясында әке мен балаға арналған әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталып, облыстың жеті ауданында ашылған «Жауапты ата-ана» комьюнити орталықтарының қызметі таныстырылды. Іс-шара ата-аналардың тәрбиелік рөлін күшейтуге және отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталды.