×

Балалардың психологиялық қауіпсіздігі: ата-аналарға арналған сабақтар өткізілуде

Adal Adam 02.03.2026 | 10:09
Балалардың психологиялық қауіпсіздігі: ата-аналарға арналған сабақтар өткізілуде
Фото: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

2026 жылдың басынан бастап еліміздегі педагогикалық қолдау орталықтарында ата-аналарға арналған жаңартылған 3.0 бағдарламасы аясында кең көлемді оқыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы кезең ішінде 86 мыңнан астам сабақ ұйымдастырылып, оған 650 мыңнан астам ата-ана қамтылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Бағдарлама барысында ата-аналармен бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту тетіктері жан-жақты талқылануда. Оқыту мазмұны педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының ұсыныстары негізінде тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сонымен қатар бағдарламаға тәжірибелік бағыттағы тақырыптар мен әкелердің қатысуымен өтетін іс-шаралар да енгізілген.

Жаңартылған 3.0 форматындағы оқыту үш негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі — ата-аналардың эмоционалдық тұрақтылығын арттыру және өзіне деген сенімділікті дамыту. Екіншісі — балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Үшіншісі — ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әдістемелік және психологиялық қолдау көрсету. Мұндай кешенді тәсіл әр отбасының жеке ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді.

Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психолог мамандар жүргізеді. Оқу барысында ата-аналарға бала тәрбиесіндегі қауіп-қатерлердің алдын алу, сенімді қарым-қатынас орнату және эмоциялық байланысты нығайту бойынша практикалық кеңестер беріледі. Ата-аналар арасында ең көп қызығушылық тудырған тақырыптар қатарында жеке үлгі көрсету және баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бар.

Сауалнама нәтижелері ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарасында оң өзгерістер байқалатынын көрсетіп отыр. Респонденттердің 73,9%-ы балаларымен күнделікті сөйлесетінін айтса, 89,6%-ы баланың мәселелеріне дер кезінде назар аударатынын жеткізген. Сонымен қатар ата-аналардың 78%-ы баласының ортасын жақсы білетінін атап өткен. Ал әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын екенін білдірсе, 62%-ы алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануды жоспарлап отырғанын көрсеткен.