×

Конституция – ұлтаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің кепілі

Adal Adam 20.03.2026 | 14:08
Конституция – ұлтаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің кепілі
Фото: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтында «Конституциялық реформа және ұлтаралық тұрақтылықтың институционалдық кепілдіктері» тақырыбында сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен түрлі сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Жиын барысында 2026 жылдың бірінші тоқсанына арналған «Елдегі ұлтаралық ахуал мониторингі» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелері ұсынылды. Зерттеу қорытындысы қоғамдағы жалпы көңіл-күйдің тұрақты екенін және этносаралық қатынастардың оң динамикада сақталып отырғанын көрсетті. Респонденттердің шамамен 94 пайызы елдегі ұлтаралық жағдайға қанағаттанарлық баға берген.

Сарапшылардың пікірінше, қоғамдағы ұрпақ алмасуы мен жаңа буынның белсенділігі саяси және әлеуметтік үдерістердің дамуына елеулі ықпал етуде. Сонымен қатар демографиялық өзгерістер, азаматтық бірегейліктің нығаюы және цифрландырудың кеңеюі қазіргі Қазақстан қоғамының трансформациясына әсер ететін негізгі факторлар ретінде аталды.

Кездесу барысында Конституцияның мемлекеттегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі құқықтық тірек ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Қатысушылар құжаттың мемлекет пен азамат арасындағы мүдделер теңдігін сақтаудағы маңызын да тілге тиек етті. Бұдан бөлек, жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі талқыланды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл кеңес азаматтық қоғамның түрлі өкілдерін біріктіріп, олардың пікірін ескеретін ашық диалог алаңы ретінде қалыптасып келеді. Ол «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруда маңызды құралға айналуда.

Жиын соңында қатысушылар Қазақстан Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық тетік ретінде өз рөлін атқаратынын атап өтті.