Jas Power Talks: Жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды
Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Jas Power Talks кездесуі ұйымдастырылып, жастарға азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің өкілдері, сондай-ақ «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары қатысты. Кездесу барысында қатысушылар білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың жастар тәрбиесіндегі рөлін, әлеуметтік маңызды жобаларға белсенді тартудың маңыздылығын қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жастар саясатын қолдауға және дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беру мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы бағытта жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүйелі түрде кездесулер, пікірталас алаңдары мен әлеуметтік жобалар ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, азаматтық жауапкершілік пен елге деген құрмет сезімін нығайтуға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.