«Қазақконцертте» композитор Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» шығармашылық кеші өтті
Роза Бағланова атындағы мемлекеттік академиялық концерттік ұйым «Қазақконцерттің» үлкен залында белгілі қазақстандық композитор Қуат Шілдебаевтың «Отан Ана» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
2026 жылғы 29 наурызда ұйымдастырылған мәдени іс-шара композитордың алғашқы ірі авторлық концерті ретінде көпшілік назарына ұсынылды. Кеш барысында Қуат Шілдебаевтың туындылары тың сахналық форматта орындалып, көрерменге ерекше музыкалық атмосфера сыйлады.
Авторлық кеште шығармалар Saz&Soul тобының және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалды. Концерт бағдарламасына композитордың кеңінен танылған туындылары — «Қайран көңіл», «Сағым дүние», «Отан Ана», «Жан Ана», «Кешір мені», «Аманат», «Аялаған арман-ай», «Сәуле» әндері, сондай-ақ танымал кинофильмдерге жазылған музыкалық тақырыптар енді.
Кешке отандық эстрада мен музыка өнерінің белгілі әншілері мен музыканттары қатысып, композитор шығармашылығына арналған кештің мазмұнын байыта түсті.
Қуат Шілдебаев қазақстандық музыка кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан композиторлардың бірі ретінде танымал. Оның шығармалары тек ел ішінде ғана емес, халықаралық мәдени ортада да жоғары бағаланып келеді.
Айта кетейік, 2025 жылы композитордың «Қаракемер» атты күйі америкалық Global Music Partnership Press баспасынан жарық көріп, сол баспада шығармасы жарияланған алғашқы қазақстандық автор ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар аталған туынды Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының қорына енгізілген.
Шығарманың халықаралық премьералары Harvard University және Museum of Fine Arts, Boston алаңдарында өткен. Бұл қазақстандық композитор шығармашылығының әлемдік деңгейде мойындалуының маңызды көрінісі ретінде бағаланып отыр.