«Таза ел – саналы ұрпақ»: Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда
Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Adaladam.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, бастама шеңберінде қала көшелері, жаяу жүргіншілер жолдары, аулалар, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар нөсер және арық кәріз жүйелерін тазарту, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, жасыл желектерді күтіп ұстау және көгалдандыру шараларына ерекше көңіл бөлінген.
Акция аясында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік іс-шаралар да ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – Астана қалалық Қуыршақ театрында өткен «Таза ел – саналы ұрпақ» атты балаларға арналған танымдық-экологиялық бағдарлама.
Іс-шара барысында театр әртістері бүлдіршіндерге тазалықтың маңызы тек қоғамдық орындарда ғана емес, әрбір үйде, аулада және табиғат аясында да сақталуы қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар балаларға түрлі сұрақтар қойылып, олардың ой-өрісін дамытуға бағытталған тапсырмалар ұсынылды.
Ойын барысында балалар бірнеше командаға бөлініп, жылдамдық пен тапқырлықты талап ететін сайыстарға қатысты. Әр топ театр әртістері дайындаған тапсырмаларды орындап, ұйымшылдық пен белсенділік танытты. Балалар қоқысты арнайы жәшікке тастау, табиғатты күтіп-баптау және ағаштарды дұрыс өсіру тақырыптарындағы ойындарға ерекше қызығушылықпен қатысты.
«Астана қалалық Қуыршақ театрында үш жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Бүгін біз кішкентай көрермендерімізбен бірге «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында арнайы ойындар ұйымдастырып отырмыз. Бұл ойындар арқылы балаларды елімізді таза ұстауға, табиғатты құрметтеуге баулуды көздейміз. Мәселен, балаларға жерде жатқан қоқысты арнайы жәшікке тастау, табиғатты күтіп-баптау, ағаштарды қалай дұрыс өсіру керектігі түсіндіріледі. Біз ойын арқылы олардың бойына осындай маңызды да пайдалы қасиеттерді сіңіруге тырысамыз», – деді театр әртісі Сая Бидарқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруына ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептерде, мәдениет мекемелерінде және қоғамдық алаңдарда жалғасып келеді.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тек бір реттік шаралармен шектелмейді. Қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде жалғасады. Бұл бастама қала тұрғындарының қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға және елордада жайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.