×

«Ақ жол» фракциясы радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті

Adal Adam 09.04.2026 | 14:53
«Ақ жол» фракциясы радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салуды талап етті
Фото: Adaladam.kz

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, радикалды діни ағымдарға заңнамалық деңгейде қатаң тосқауыл қою мәселесін көтерді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Депутаттар өз сауалында бұл мәселені үш жыл бұрын да көтергендерін, алайда содан бері нақты нәтижелер көрінбегенін атап өтті. Фракция өкілдерінің пікірінше, қоғамда діни теріс ағымдардың ықпалы әлсіреудің орнына күшейіп келеді.

Сауалда соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиға мысал ретінде келтірілген. Атап айтқанда, Наурыз мерекесіне қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдар мен әлеуметтік желілердегі ұлттық дәстүрлерге қарсы пікірлер ұлттық тұтастыққа қауіп ретінде бағаланған.

Депутаттар әлеуметтік желілерде ұлттық мүддеге, дәстүрлі құндылықтарға және исламның Ханафи мазхабына қарсы бағытталған контенттің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, мұндай әрекеттер қоғамға іріткі салып, ұлттық ақпараттық қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар сауалда қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімге қатысты қолданыстағы заң талаптарының сақталуы мәселесі де көтерілген. Фракция өкілдері заң талаптарының барлық мемлекеттік мекемелерде, соның ішінде сот ғимараттарында да бірдей орындалуы қажет екенін атап өтті.

Депутаттардың пікірінше, радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – бұл дінге қарсы шара емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Сауалда мұндай ұйымдардың қоғам тұрақтылығына, қоғамдық келісімге және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екені көрсетілген.

«Ақ жол» фракциясы мемлекет ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті қорғауға міндетті екенін атап өтіп, діни экстремизм мен радикализмге қарсы заңнаманы күшейту мәселесін шұғыл қарастыруды ұсынды.