×

«Таза Қазақстан»: Алматыда құрылыс компаниялары ауқымды сенбілікке қатысты

Adal Adam 11.04.2026 | 13:36
«Таза Қазақстан»: Алматыда құрылыс компаниялары ауқымды сенбілікке қатысты
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ірі құрылыс компанияларының қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Қаланың түрлі аумағында өткен тазалық акциясына құрылыс саласының жүздеген қызметкері қатысты. Сенбілік барысында құрылыс алаңдары, оларға іргелес аумақтар және қоғамдық кеңістіктер қамтылды.

Іс-шара кезінде санитарлық талаптардың сақталуына, құрылыс нысандарының қоршаулары мен қойма аймақтарын ретке келтіруге, сондай-ақ жақын маңдағы көшелерді тазалауға ерекше көңіл бөлінді.

Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде арықтар мен тротуарлар тазартылып, жиналған қоқыс шығарылды. Сонымен қатар аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары да жүргізілді.

Құрылыс компанияларының өкілдері экологиялық бастамаларды қолдау әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай акциялар қаладағы тазалық мәдениетін қалыптастырып, урбанистік ортаның сапасын жақсартуға ықпал етеді.