Елорда студенттері «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке қатысты
Астанада «Таза Қазақстан – жауапкершілік белесі» экологиялық айлығы және «Таза қала» акциясы аясында Esil университетінің 100 студенті қатысқан сенбілік өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық айлық 11 сәуірден бастап басталып, қала бойынша аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Кезекті сенбілік Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы мен Александр Пушкин көшесінің қиылысындағы гүлзарда ұйымдастырылды.
Таңертеңнен жиналған студенттер арнайы құрал-жабдықтармен аумақты қоқыстан тазартып, жолдар мен жасыл желектерді ретке келтірді.
Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері бұл шараның бір реттік акция емес, мамыр айының соңына дейін жалғасатын жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Олардың айтуынша, басты мақсат – жастар арасында тазалық мәдениетін және қоршаған ортаға жауапкершілік көзқарасты қалыптастыру.
Қатысушылар да мұндай бастамалардың қаланың тазалығын сақтаумен қатар, қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал ететінін айтты.
Сенбілік қорытындысында аумақ толық тазартылып, қатысушылар арасында ортақ іске деген жауапкершілік пен бірлік сезімі нығая түсті.