×

«БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет» - Тоқаев

Даурен Омаров 17.04.2026 | 19:50
«БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет» - Тоқаев
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумы аясында өткен панельдік сессияға қатысып, жаһандық саясаттағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажеттігін айтты. 

– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.