Қазақстанда жаңа мегажоба басталды: Әкімдер де кітап оқуды насихаттауға кірісті
«Хабар» телеарнасы мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры Ұлттық кітап күні қарсаңында ауқымды медиажобаны іске қосты.
Бастама мемлекеттік деңгейде қолдау тауып отыр. Мегажоба аясында Абай облысының әкімі Берік Уәли республткалық кітап эстафетасына ресми түрде бастау берді.
Бұл жоба кітап оқу мәдениетін жандандыруға және заманауи әдебиетті кеңінен насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында қолға алынған.
Жоба 17 сәуірден бастап «Хабар» арнасындағы «Оян!» таңғы интерактивті бағдарламасы аясында эфирге шығып жатыр. Бағдарлама барысында әдеби викториналар ұйымдастырылып, бестселлер кітаптарға шолу жасалады. Сондай-ақ жазушылар, сарапшылар және қоғам қайраткерлерімен сұхбаттар өтеді. Жоба кітап оқуды қалың көрермен үшін қызықты әрі қолжетімді етпек. Жүргізушісі – журналист-блогер Санат Ілияс. Эфир әр аптаның жұма күні таңғы сағат 07:00-09:00 аралығында тікелей көрсетіледі.
Мегажоба аясында Абай облысының әкімі Берік Уәли көпшілікті кітап оқуға үндейтін республикалық кітап эстафетасын бастады. Ол «Хабар» телеарнасының көрерменіне Қабдеш Жұмаділовтің шоқтығы биік «Тағдыр» романын оқуды ұсынды. Ал келесі аптаның ұсынылатын кітап таңдау кезегін әріптесі Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдады.
Кітап эстафетасы қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындыларына назар аудартуды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастаманы барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері жалғастырмақ.
Айта кетейік, бүгінде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында сәтті жүзеге асып, 189 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер және отбасылар бар.
Жоба Amanat партиясы қолдауымен және бірқатар өңір әкімдіктерімен бірлесіп іске асырылуда. Ұйымдастырушылар бұл бастама бүкіл елге таралып, кітап оқуды ұлттық деңгейдегі үрдіске айналдырады деп сенеді.