«Таза Қазақстан»: Алматы облысында 47 мың адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті
Алматы облысында «Жасыл болашақ» және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциялары аясында ауқымды сенбілік өтіп, оған 47 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
25 сәуір күні өткен экологиялық шара барысында өңір бойынша 762 гектардан астам аумақ тазартылып, 2307 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 21 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жалпыоблыстық акцияға 287 бірлік техника жұмылдырылды.
Ауқымды акцияның басты оқиғаларының бірі Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен телекөпір өтіп, оның аясында 100 түп ағаш егілді.
Экологиялық акция өңірдің бірнеше ауданын қамтыды. Іле ауданында 2093 адам қатысып, 1290 түп ағаш отырғызылып, 77,1 тонна қоқыс шығарылды. Талғар ауданында 600 түп көшет егілсе, Қарасай ауданында «Алтын таға» зауытының қолдауымен 1000 түп ағаш отырғызылып, сенбілікке 5000-нан астам адам жұмылдырылды.
Шараға қоғам белсенділері, жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, мұндай акциялар тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттырып, тазалық мәдениетін нығайтуға ықпал етіп келеді.
Айта кетейік, Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биыл 28 ақпан мен 23 сәуір аралығында өңірде 697 іс-шара ұйымдастырылып, оған 344 мыңнан астам адам қамтылған. Осы кезеңде 59 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 1979 тонна қоқыс шығарылған.
2026–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Бүгінгі экологиялық акциялар мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп қана қоймай, қоғамның ортақ іске жұмыла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.