×

Аида Балаева: Креативті индустриялар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бағытына айналып келеді

Даурен Омаров 25.04.2026 | 21:22
Аида Балаева: Креативті индустриялар Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бағытына айналып келеді
qazaqculture.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне баруы отандық креативті сектордың институционалдық тұрғыдан қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қор салаға жүйелі қолдау көрсететін негізгі орталыққа айналуға тиіс. Мұнда таланттарды қолдау, инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тарту, креативті өнімді ілгерілету және экспортқа шығару бағыттары біртұтас жүйеге біріктіріледі.

Қордың жаңа кеңістігі идеядан бастап өндіріс пен өнімді нарықта ілгерілетуге дейінгі толық циклді қамтитын шоурум форматында таныстырылды. Президентке зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы және fashion-аймақ сынды тақырыптық алаңдар көрсетілді.

Ерекше назар аудартқан нысандардың бірі – Yurt Capsule иммерсивті кеңістігі болды. Мұнда киіз үйдің дәстүрлі пішіні цифрлық өнер, мультимедиялық контент және мәдени баяндау арқылы заманауи технологиялық сипатта жаңаша ұсынылған. Қордың маңызы, өңірлік хабтарды дамыту, елдің халықаралық аренадағы бейнесін қалыптастыру және креативті экономиканың әлеуеті туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне барды. Мемлекет басшысының бұл салаға ерекше назар аударуы нені білдіреді?

– Мемлекет басшысының бұл сапары айрықша мәнге ие. Бұл креативті индустриялардың енді мәдениет саласының қосымша бағыты ретінде емес, экономикалық және қоғамдық дамудың толыққанды әрі келешегі зор саласы ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын жан-жақты ашуға, бастамашыл жастарды қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тұрақты түрде баса назар аударып келеді. Креативті экономика дәл осы міндеттердің тоғысқан тұсында тұр. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, цифрлық контентті дамытуға, тың өнімдер жасауға, елдің туристік тартымдылығын арттыруға және ұлттық бірегейлікті қазіргі заман тілімен танытуға мүмкіндік береді.

Осы бағытқа жетекшілік ететін ведомство ретінде біз үшін саланың нақты институционалдық мәртебеге ие болғаны өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордың құрылуы жекелеген қолдау шараларынан жүйелі жұмысқа көшуді білдіреді. Ендігі міндет – Президент ерекше назар аударып отырған осы салада креативті мамандар, өңірлер, инвесторлар және сыртқы нарықтар үшін нақты әрі тиімді қолдау тетіктерін қалыптастыру.

– Демек, Қор креативті экономиканы қолдайтын негізгі институтқа айналуы тиіс деген сөз. Бұл ретте ол ең алдымен қандай міндеттерді шешуі керек?

– Қордың басты міндеті – саладағы бытыраңқылықты еңсеру. Бүгінде Қазақстанда мықты авторлар, дизайнерлер, музыканттар, қолөнер шеберлері, кино, анимация, сән, цифрлық өнер және басқа да бағыттардың өкілдері бар. Алайда олардың көпшілігі бір-бірінен оқшау дамып келеді. Креативті мамандардың тұрақты инфрақұрылымға, кәсіби сараптамаға, инвестицияға және өнімді ілгерілету арналарына қол жеткізу мүмкіндігі әлі де шектеулі.

Қор әкімшілік құрылым емес, саланың жүйелі операторы болуы керек. Оның негізгі рөлі – талантты, өндірісті, ілгерілетуді, нарықты және сыртқы мүмкіндіктерді өзара байланыстыру. Басқаша айтқанда, креативті маман өз идеясымен қайда жүгіне алатынын, қандай қолдау ала алатынын, өнімін қалай рәсімдеп, аудиториясын қалай табатынын және жергілікті нарық шеңберінен қалай шыға алатынын нақты түсінуі тиіс.

Бұл жұмыстың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылатыны маңызды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, креативті сектор сондай перспективалы бағыттардың біріне айнала алады. Қор шығармашылық әлеуетті тұрақты экономикалық құндылыққа айналдыруға ықпал етуі қажет.