Қазақстанда инфляция қарқыны баяулап келеді
2026 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасында айлық инфляция деңгейі 0,8% құрады. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, бағаның өсуі барлық негізгі санаттар бойынша байқалды: азық-түлік тауарлары 0,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 0,9%-ға қымбаттады.
Азық-түлік нарығында баға динамикасы әртүрлі болды. Кейбір өнімдер арзандаса, енді бірқатары қымбаттады. Атап айтқанда, банандар мен апельсиндер 3%-ға, көк шөп пен үрме бұршақ 0,6%-ға арзандады. Сонымен қатар, зефир мен кептірілген өрік бағасы да төмендеді. Ал жүзім 5,6%-ға қымбаттап, баға өсімі бойынша көш бастады. Бұдан бөлек, сары май мен карамель, картоп, сүзбе және ұн өнімдерінің бағасы да өсті.
Азық-түлік емес тауарлар арасында кір жуғыш машиналар, парацетамол, линза ерітінділері, блендер мен теледидарлар арзандады. Дегенмен, қол сағаттары (4%), цемент (2,4%) және жеке гигиена тауарлары (1,5%) бойынша бағаның өсуі тіркелді.
Қызмет көрсету секторында туристерге арналған медициналық сақтандыру 1,9%-ға арзандады. Ал клининг, косметология және компьютерлік техника жөндеу қызметтері тиісінше 0,8%, 0,7% және 0,3%-ға қымбаттады.
Жылдық есепте инфляция 10,6% деңгейінде қалыптасты, бұл наурыз айымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмен. Азық-түлік емес тауарлар бағасы бір жылда 11,7%-ға, азық-түлік тауарлары 11,3%-ға, ал қызметтер 8,9%-ға өсті.
Жыл ішінде кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өзгерді. Мәселен, қырыққабат 24,4%-ға арзандаса, алмұрт 10,8%-ға, бал 9,1%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, мармелад, ашытқы және қант бағасының өсуі байқалды.
Тұрмыстық тауарлар арасында үтік (20,7%) пен тіс пастасы (14,6%) айтарлықтай қымбаттаған. Қызметтер саласында заңгерлік қызметтер 10%-ға, байланыс қызметтері 3,2%-ға өсті.
Айта кетейік, инфляция деңгейі тұтыну бағалары индексі (ТБИ) арқылы есептеледі. Бұл көрсеткіш 537 түрлі тауар мен қызмет бағасының өзгерісіне негізделген. 2025 жылдан бастап тұтыну себетінде азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлік емес тауарлар 28,4%, ал ақылы қызметтер 30,5% құрайды.