Кәріз жүйесіндегі жиі апаттар: Қонаев әкімдігі шұғыл шешім қабылдады
Қонаев қаласында тозығы жеткен кәріз желілерін толық жаңғырту басталады. Жуырда Қонаев көшесінің бойында және ХҚКО ғимаратының алдында болған апаттардан кейін инженерлік коммуникацияларды мерзімінен бұрын ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Еске салайық, бірнеше апта бұрын қаладағы орталық көшелердің бірінде асфальт опырылып, апатты жағдай тіркелген еді. Мамандардың айтуынша, оған ескірген кәріз құбырлары себеп болған. Қазіргі таңда апат салдары жойылғанымен, мұндай жағдайлардың қайталану қаупі әлі де сақталып отыр.
Мәселенің қалай шешілетіні туралы Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Тимур Ақмырзаев айтып берді. Оның сөзінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында кәріз желілерін қайта жаңарту және салу бойынша кешенді жұмыстар жоспарланған.
«Қазіргі кәріз құбырлары 58 жыл бұрын салынған. Ұлттық жоба аясында оларды жаңарту 2027 жылға жоспарланған болатын. Алайда соңғы апаттардан кейін жобаны жеделдетіп, құрылысты 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ұзындығы 6 шақырымнан асатын кәріз желілері толық жаңғыртылады. Құрылыс жұмыстары алдағы бір ай ішінде басталады», – деді әкім орынбасары.
Бұдан бөлек, биыл ұлттық жоба шеңберінде Алматы және Сейфуллин көшелеріндегі ауыз су желілерін жаңарту басталады. Сонымен қатар жылу жүйелерін модернизациялау бойынша екі ірі жобаны іске асыру жоспарланған.
«2026 жылы ұлттық жоба аясында инженерлік инфрақұрылымға қатысты 5 жоба жүзеге асырылады. Келесі жылға тағы 4 жоба жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы 67 шақырым инженерлік желі жаңғыртылады», – деді Тимур Ақмырзаев.
Сонымен қатар қалада 11 кәріз-сорғы станциясын жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда екі нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны жақын арада толық аяқтау көзделіп отыр.
Әкім орынбасарының айтуынша, кәріз-сорғы станциялары – бүкіл су бұру жүйесінің негізгі бөлігі. Олар ағын суларды тазарту нысандарына айдайды. Сорғы жабдықтарын ауыстыру және станцияларды жаңарту жүйенің сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қаладағы тағы бір өзекті мәселе – тазарту нысандарының әбден тозуы. Қазіргі кәріз-тазарту жүйесінің тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Осыған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа кәріз-тазарту кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Жаңа нысан Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасады. Қазір құрылыс алаңында жер жұмыстары басталған. Кешеннің қуаттылығы сағатына 1600 текше метр суды қабылдауға жетеді.
Бұл жоба қала тұрғындары үшін аса маңызды. Себебі ескі тазарту нысандарынан шығатын жағымсыз иіске қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетін. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін ескі нысан рекультивацияланып, экологиялық мәселе толық шешімін таппақ.
Құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 33 млрд теңге.
Осылайша, Қонаевта ондаған жыл бойы жаңартылмаған инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен модернизациялау жүріп жатыр.