×

Бизнес, мемлекет және қызметкерлер диалогы: Астанада ұлттық форум өтеді

Adal Adam 14.05.2026 | 16:10
Бизнес, мемлекет және қызметкерлер диалогы: Астанада ұлттық форум өтеді

Астанада Қазақстан жұмыс берушілері қауымдастықтарының I Ұлттық форумы өтеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

18 мамыр күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін форум бизнес, мемлекет және қызметкерлер арасындағы диалогты дамытуға бағытталады. Іс-шараға 400-ден астам қатысушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам қауымдастық өкілдері қатысады.

Форум барысында еңбек нарығындағы негізгі өзгерістер, жұмыспен қамту формаларының трансформациясы, кадрларды қайта даярлау, дағдыларды дамыту, халықаралық стандарттар мен жұмыс берушілер бірлестіктерін нығайту мәселелері талқыланады.

Сондай-ақ іс-шара аясында әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылығына арналған «Әйел жұмыс берушілер» панельдік сессиясы ұйымдастырылады. Онда инклюзивті экономиканы дамыту, әйелдердің бастамаларын қолдау және табысты әйел көшбасшылардың тәжірибесі сөз болады.

Форум спикерлері қатарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин, Халықаралық еңбек ұйымының өкілі Хенрик Моллер және «PARYZ» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов бар.

Форумға сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық жұмыс берушілер ұйымы, ірі салалық және өңірлік қауымдастықтар, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысады.

Іс-шара аясында республикалық және өңірлік қауымдастықтардың арнайы көрмесі ұйымдастырылып, онда жұмыс берушілер өздерінің жетістіктері мен әлеуетін таныстырады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жаңа серіктестіктер мен бастамалардың негізін қалап, Қазақстан бизнесінің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды алаңға айналмақ.