×

Отбасы – бақыт мекені: Алматыда «Толағай жолы: Әке мен бала» эстафетасы өтті

Adal Adam 16.05.2026 | 13:29
Отбасы – бақыт мекені: Алматыда «Толағай жолы: Әке мен бала» эстафетасы өтті
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекенім» жобасы аясында «Толағай жолы: Әке мен бала» атты отбасылық эстафета өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жасөспірімдердің бойында жауапкершілік пен ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыру.

Ауқымды эстафетаға Алматы қаласының сегіз ауданынан 10-сынып оқушылары әкелерімен бірге қатысып, жалпы саны 20 команда бақ сынады. Қатысушылар спорттық және логикалық кезеңдерден өтіп, ептілік, жылдамдық, төзімділік пен ұйымшылдықтарын көрсетті. Әсіресе әке мен бала арасындағы өзара түсіністік пен қолдау жарыстың басты ерекшелігіне айналды.

Шараның қазылар алқасы құрамында қоғам белсенділері мен сала мамандары болды. Қоғам белсендісі Сырым Әуезхан мұндай бастамалардың отбасы институтын нығайтудағы маңызын атап өтті.

«Бүгінгі эстафета – әке мен бала арасындағы рухани байланысты бекемдейтін маңызды алаң. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпақ жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды бойына сіңіреді», – деді ол.

Эстафетаның ерекшелігі – спорттық жарыс пен тәрбиелік мазмұнның үйлесім табуы болды. Қатысушылар жеңіске ұмтылып қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсетіп, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің үлгісін танытты. Әр кезең отбасы ішіндегі сенім мен бірліктің маңызын айқындай түсті.

Шара соңында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы директорының орынбасары Айнұр Рысқұлова сөз сөйлеп, жобаның қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.

«Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Әке мен бала арасындағы сыйластық пен сенім – мықты қоғамның негізі. Осындай жобалар арқылы біз жас буынның бойына жауапкершілік, патриоттық рух және салауатты өмір салтын қалыптастырамыз», – деді Айнұр Рысқұлова.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Толағай жолы: Әке мен бала» эстафетасы қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, отбасы институтын нығайтуға бағытталған тағылымды жобаға айналды.