×

Қызылордада 600 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

Adal Adam 16.05.2026 | 15:06
Қызылордада 600 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызылордада бір күнде 600 отбасы баспаналы болды. Сол жағалауда орналасқан 10 тұрғын үй кешенінің пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Соңғы жылдары Сырдария өзенінің сол жағалауы қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағын ауданға айналды. Мұнда тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік және бизнес нысандары бой көтеріп, заманауи инфрақұрылым қалыптасқан. Қазіргі таңда аумақта 169 нысан орналасқан. Оның ішінде 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Сонымен бірге 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны халық игілігіне қызмет етуде.

Бүгінде сол жағалауда 47 құрылыс нысаны салынып жатыр. Оның 25-і көпқабатты тұрғын үй болса, 20-сы кәсіпкерлік нысан. Сонымен қатар бір аурухана мен бір емхананың құрылысы жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауы үшін Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірін салу жоспарланған.

Қазіргі уақытта жаңа шағын ауданда 25 мыңнан астам тұрғын тұрады. Мұнда мектептер, балабақшалар, сауда орындары мен қоғамдық көлік жүйесі халық сұранысына сай қызмет көрсетуде. Бүгін баспана кілтін алған тұрғындар да осы жаңа ауданның қатарына қосылды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысының халықты қолжетімді баспанамен қамту жөніндегі тапсырмаларын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы “Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз” деген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз», – деді аймақ басшысы.

Тұрғын үй кешендерінің аумағында екі футбол алаңы, төрт спорт және ойын алаңы, тынығу аймақтары, 250 орындық автотұрақ пен коммерциялық нысандар қарастырылған. Облыс әкімі алдағы уақытта да шаһар келбетіне сән беретін заманауи тұрғын үйлер салынатынын айтты.

Жиында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетұлы сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Зәкірұлы ақ батасын берді. Сондай-ақ тұрғын үйлерді сапалы салуға үлес қосқан құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Биыл Қызылорда облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2400 пәтер беру жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.