×

Алматыда мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Adal Adam 21.05.2026 | 18:50
Алматыда мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында мәдениет пен өнер саласының өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алматы әкімінің Алғыс хаттары табысталды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Мерекелік жиынға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел руханиятын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.

– Сіздер сахнада да, сахна сыртында да қалам мен қылқалам, музыка мен би, театр мен кино арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамның рухани жаңғыруына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Мәдениет саласының дамуына қосқан еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің басшысы Райхан Имаханбет «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал «Алматы әуендері» шығармашылық бірлестігінің солисі Абзал Арықбаев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Сондай-ақ мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар маман «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында музей, баспа, театр және цирк саласының қызметкерлері бар.

Бұдан бөлек, мәдениет саласының дамуына үлес қосқан мамандарға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Марапат иелері арасында театр әртістері, оркестр музыканттары, оқытушылар мен мәдениет басқармасының қызметкерлері бар.

Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар да тапсырылды.

Мерекелік шара мәдениет пен өнер өкілдерінің қоғамдағы маңызды рөлін айқындап, сала мамандарына көрсетілген құрметтің белгісіне айналды.