Францияда Қызылорда облыстық филармониясының концерті ұйымдастырылды
Парижде Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті. Мәдени шара Қазақстанның Франциядағы елшілігі, Қызылорда облысы әкімдігі және “Sumbe” компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Концерт Париж қаласындағы танымал дипломатиялық алаңдардың бірі – Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Шараның басты мақсаты – Еуропадағы отандастар мен қандастар арасындағы мәдени байланысты нығайту, сондай-ақ қазақтың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде насихаттау болды.
Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжым көрерменге қазақтың дәстүрлі музыкасы мен төл өнерінің үздік үлгілерін ұсынды. Кеш Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйімен ашылып, одан әрі Қорқыт мұрасы, халық әндері мен Абай шығармалары орындалды. Қазақ өнерпаздарының өнері Париж көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды.
Концертті Франциядағы шетелдік елшіліктердің өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері, Еуропада тұратын қандастар және Париж тұрғындары тамашалады.
Гастрольдік сапарға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған мәдениет және өнер саласының өкілдері қатысты. Концерт барысында халық аспаптар ансамблі, дәстүрлі әншілер, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Сонымен қатар «Ai-Aru» заманауи би ансамблі де көрерменге ерекше бағдарламасын ұсынды.
Кеш қонақтары ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысып, қазақтың дәстүрлі музыкасы мен әлемдік классика туындыларын тыңдауға мүмкіндік алды. Париж төрінде өткен мәдени кеш Сыр бойының төл өнерін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова.