Астанадағы балабақшаларда «Рәміздерім – мақтанышым» фестивалі ұйымдастырылды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордадағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Рәміздерім – мақтанышым» атты балалар фестивалі өтуде деп хабарлайды Adaladam.kz.
Фестивальдің негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты нығайту. Шараға 3–5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер, педагогтер және ата-аналар қатысуда.
Мерекелік бағдарлама барысында балалар Мемлекеттік Әнұранды орындап, Ту мен Елтаңба туралы өлең-тақпақтар оқыды. Сондай-ақ олар ән шырқап, би билеп, ұлттық және танымдық ойындарға қатысты. Фестиваль аясында «Болашақ Қазақстан» тақырыбында асфальт пен ватманға сурет салу флешмобы ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға, елдің басты құндылықтарына құрметпен қарауға тәрбиелейді.
«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің айқын белгісі. Сондықтан олардың мәні мен маңызын балаларға ерте жастан түсіндіру өте маңызды. Фестиваль осы мақсатқа бағытталған», – дейді ұйымдастырушылар.
Шара барысында ата-аналар мен педагогтердің бірлескен қатысуы ерекше назар аударды. Бұл балаларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуде отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығының маңызын көрсетті.
Фестиваль бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың бойында елге деген мақтаныш сезімін нығайтуға мүмкіндік берді.