×

Қазақстанда мәдениет саласын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр

Даурен Омаров 05.06.2026 | 18:28
Қазақстанда мәдениет саласын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр
gov.kz

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мәдени инфрақұрылымды дамыту және мәдениет мекемелерінің қызметін халыққа кеңінен қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Бүгінде елімізде 7 445 мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Бұл салада 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Мемлекет жаңа мәдениет нысандарын салуға, қолданыстағы мекемелерді жаңғыртуға және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Соңғы бес жылда елімізде 274 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, тағы 1 293 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2026 жылы 64 нысанның құрылысы жалғасып, 130 мәдениет нысаны жаңартылып жатыр.

Театр өнерін дамыту мәдениет саласындағы негізгі басым бағыттардың бірі саналады. Соңғы жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында жаңа театр ғимараттары салынды. Қазіргі уақытта Ақтөбе мен Қонаев қалаларында драма театрларының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театрлар салу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар және жасөспірімдер театры ғимараттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Музей саласында да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы Астанада жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан және Алматы облыстарында «Сауран», «Гауһар ана» және «Есік» визит-орталықтарының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, көне Бозоқ қалашығының негізінде ашық аспан астындағы ұлттық парк құру жобасы іске асырылып жатыр.

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңғыртудан өтті. Бұл жобалар тарихи-мәдени мұраны сақтауға ғана емес, көрме және сахналық жұмыстардың сапасын арттыруға да мүмкіндік береді.

Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – өңірлердегі мәдениет үйлерін дамыту. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары қолға алынған.

Мәдени инфрақұрылымды дамыту білікті мамандар даярлаумен қатар жүргізілуде. Алматы қаласында шығармашылық бағыттағы оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Сонымен бірге Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимараты жаңғыртылып жатыр.

Бұдан бөлек, Алматы мен Астанадағы үш мамандандырылған музыка мектебіне арналған жаңа ғимараттар салу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында жаңа Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары басталды. Жаңа жоғары оқу орнында мәдениет саласындағы заманауи және техникалық мамандықтарды дамытуға басымдық беріледі.

Сонымен қатар Петропавл қаласында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар өңірлердегі жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, мәдениет саласының кадрлық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.