Қызылордада ашық аспан астында экологиялық шара өтті
Қызылорда қаласындағы Президент саябағында 5 маусым – Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Эколог сағаты» атты танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға үндеу.
Іс-шараға эколог мамандар мен ғалымдар қатысып, өңірдің экологиялық ахуалы, табиғатты қорғау мәдениеті, жасыл аймақтарды көбейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған орта тазалығы мәселелерін талқылады.
Жиында Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аға менеджері Хадиша Әбдібайқызы, Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қызылорда филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Оразбайұлы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің биология ғылымдары бойынша PhD докторы Нұргүл Сағындыққызы баяндама жасады.
Сарапшылар табиғатты қорғау, экологиялық жауапкершілік, су үнемдеу және қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, энергия мен суды үнемдеу, табиғатқа жанашырлықпен қарау және қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызы түсіндірілді.
Шара барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар таныстырылып, тұрғындар табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуға шақырылды.