Баспана, медициналық көмек және жеңілдіктер: мәдениет саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктері
Қазақстанда мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Президент мәдениетті ұлттық бірегейлікті нығайтудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің және қоғамдық келісімді бекемдеудің маңызды құралы ретінде атап келеді.
Мәдениет саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету – негізгі бағыттардың бірі. 2024 жылы Астана қаласында еңбек ететін мәдениет қызметкерлеріне 200 пәтердің кілті табысталды. Ал 2026 жылы бұл бастама жалғасып, Алматы қаласындағы мәдениет ұйымдарының 60 қызметкері баспаналы болды.
Сонымен қатар мәдениет қызметкерлері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көзделген барлық әлеуметтік кепілдіктерді пайдалана алады.
Мәдениет пен өнер саласының бірқатар қызметкерлеріне қосымша әлеуметтік қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, жоғары мемлекеттік атақтары мен марапаттары бар азаматтар тегін медициналық көмек алу құқығына ие.
Бұдан бөлек, аталған санаттағы азаматтар мен олардың жұбайларына жылына бір рет еліміздегі шипажайларда тегін емделуге және сауықтыру демалысын өткізуге мүмкіндік беріледі. Ал олардың балаларына емдік-сауықтыру қызметтері 50 пайыз жеңілдікпен ұсынылады.
Ерекше еңбек жағдайында жұмыс істейтін өнер қызметкерлеріне де арнайы қолдау көрсетіледі. Мәселен, кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын және зейнет жасына жеткенге дейін еңбек жолын аяқтаған балет әртістеріне ай сайын арнайы төлем төленеді. Қазіргі уақытта мұндай төлемді республика бойынша 56 өнер қызметкері алып отыр.
Сондай-ақ 2024 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік мәдениет ұйымдарында жұмыс істейтін халық биі өнерінің әртістеріне арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл қолдау 55 жасқа толған және соңғы жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары тұрақты аударылған азаматтарға беріледі.
Мәдениет саласының мамандарын қолдауға бағытталған мұндай шаралар олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және саладағы кадрлық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді.