Алматыдағы жалпықалалық сенбілікке 7 мыңнан астам адам қатысты
Алматыда Экологтар күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жалпықалалық экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды акцияға 7 мыңнан астам адам қатысып, қала аумағынан мыңнан астам текше метр қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, іс-шараның мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді көркейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Сенбілік Алматының барлық сегіз ауданындағы 12 учаскеде өтті. Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, еріктілер және экологиялық белсенділер қатысты. Акция барысында 153 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Нәтижесінде 1 139 текше метр қоқыс пен түрлі қалдықтар жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Тазалық жұмыстары Үлкен Алматы, Қарғалы, Кіші Алматы, Жарбұлақ, Ақсай және Қарасу өзендерінің жағалауларында, сондай-ақ «Оңтүстік» саябағында, «Аюсай» визит-орталығында, алғашқы қалалық экохабта, Green Recycle және Technic Destroy кәсіпорындарының аумақтарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді.
Экология және қоршаған орта басқармасы мұндай акциялар тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, экологиялық мәдениетті дамытуға және қала тазалығын сақтауға белсенді қатысуына ықпал ететінін атап өтті.