Адал еңбек абыройлы етеді
ҚМДБ Бас мүфти кеңесшісі Исмаил Сейтбеков адал еңбектің адам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, ислам дінінде маңдай термен еңбек етіп, адал ризық табу үлкен құндылық саналады.
«Мұсылман баласы үшін адал еңбек, адал табыс аса маңызды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылманды мақтаған. Бір хадисінде: "Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз" деген. "Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі" деп дана Абай айтқандай, адал еңбек адамды абыройға бөлейді», – деді Исмаил Сейтбеков.
Бас мүфти кеңесшісі адал еңбек пен адал табыстың қоғамдағы сенім мен берекенің негізі екенін атап өтті.