Дәулет Мұқаев таққан көзілдірікке ұқсас құрылғыны Тараз түрмесіне кіргізбек болған
Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне жасырын бейнекамера орнатылған көзілдірікті кіргізу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараз қаласындағы №59 мекеменің қызметкерлері мен Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобының сарбаздары бірлесіп, қысқа мерзімді кездесуге келген азаматтың жеке заттарын тексеру барысында күдікті бұйымды анықтаған. Сырт көзге ол кәдімгі қара көзілдірікке ұқсағанымен, шын мәнінде жасырын аудио және бейнежазба жасауға арналған камера болып шыққан.
Тыйым салынған құрылғы тәркіленді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың да камерасы бар көзілдірік таққаны қоғам назарын аударған еді. Кейін оның осы құрылғы арқылы Парламент қабырғасында журналистерді сырттай видеоға түсіргені белгілі болып, жұртшылық тарапынан сынға ұшыраған болатын.