×

Елімізде 12 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарып жүр

Даурен Омаров 22.06.2026 | 13:36
Елімізде 12 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарып жүр
ЖИ

Қазақстанда алимент өндіруге қатысты 296 мыңнан астам атқарушылық іс жүргізу бар. Бұл туралы Adaladam.kz ақпарат агенттігіне ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті мәлімдеді.

Комитеттің мәліметінше, бүгінде сот орындаушыларының бақылауында 296 448 алимент ісі бар. Оның ішінде 12 072 борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың жалпы берешегі 18,4 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ қазіргі уақытта алимент төлемеген 730 адамға қатысты іздеу жарияланған.

Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы есептік кезеңінде алимент бойынша берешегі бар 1 151 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, 89 адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотталған.

Айта кетейік, аталған бап кәмелетке толмаған балаларды немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерін асырауға арналған қаражатты төлеу міндетін орындамағандарға қатысты қолданылады.