Пәтер жалдаймын деп алданып қалды: Алаяқтардың жаңа айласы талайды сан соқтырып жатыр
Алматы облысының прокуратурасы интернет арқылы тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыруларға қарсы күрес аясында 518 хабарландыруды бұғаттады, деп хабарлайды Adaladam.kz Алматы облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жазғы демалыс маусымы мен мектеп каникулы қарсаңында тұрғын үйді жалға беру қызметіне қатысты интернет-алаяқтық фактілері көбейген.
Алаяқтар интернетке пәтерлер мен үйлердің тартымды фотосуреттерін орналастырып, төмен бағамен жалға берілетіні туралы хабарландыру жариялайды. Кейін түрлі сылтаумен алдын ала төлем немесе кепілақы сұрайды. Ақшаны алған соң байланысқа шықпайды немесе көрсетілген тұрғын үйдің мүлде жоқ екені анықталады.
Прокуратураның дерегінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында республика бойынша болмаған қызметтерді көрсетуге байланысты 1700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның 130-ы Алматы облысында жасалған.
Осыған байланысты Алматы облысының прокуратурасы «OLX Group» компаниясымен бірлесіп интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
«OLX Group» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы алаң талаптарына сәйкес келмейтін және құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері бар 518 хабарландыру анықталып, бұғатталды.
Қазіргі уақытта анықталған хабарландырулардың авторларына қатысты киберполиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматы облысының прокуратурасы азаматтарды интернет арқылы тұрғын үй брондау кезінде сақ болуға және алдын ала төлем жасамас бұрын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге шақырды.