×

Астанада мас тұрғын лифтпен "төбелесіп", "жеңіліп" қалды

Даурен Омаров 24.06.2026 | 23:34
Астанада мас тұрғын лифтпен "төбелесіп",  "жеңіліп" қалды
скрин

Астанада мас күйде лифтті қиратып, тұрғын үйдің ортақ мүлкіне зиян келтірген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Adaladam.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, 34 жастағы ер адам Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде мас күйінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, алдымен бір, кейін екінші лифттің есігін күшпен ашып сындырған. Ол есіктерді қолымен тартып, теуіп, жұдырықпен ұрып, көтергіш құрылғыларын істен шығарған.

Салдарынан тұрғын үйге келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға бөтеннің мүлкіне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Сондай-ақ қоғамдық мүлікті сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.