"Масаң күйде болған": Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталды деген ақпарат тарады
Астанада екі жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан кеткен жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері көлікті Достық көшесінде анықтап, жүргізушіні ұстады.
Көлік тізгінінде 35 жастағы ер адам болған. Полицейлер оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсететін белгілерді байқаған.
Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты өзгермейді: жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе еңбегіне қарамай бірдей қолданылады. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заң аясында жауап береді», – деп мәлімдеді Астана қалалық Полиция департаменті.
Ал Михаил Козачковтың мәліметінше, ресми расталмаған мәлімет бойынша көлік тізгінінде 35 жастағы Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болған. Ол медициналық куәландыруға жіберілген. Бірақ жүргізушінің аты-жөнін полиция департаменті жариялаған жоқ.