×

Қызылорда облысында қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді

Даурен Омаров 10.07.2026 | 08:01
Қызылорда облысында қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс прокуроры Ризабек Ожаров мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Оның айтуынша, өңірде есепте тұрған 1500-ден астам азаматпен мобильді топтар профилактикалық жұмыс жүргізген. Соның нәтижесінде аса ауыр қылмыстар, ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық және қорқытып алу деректері азайған.

«Қылмыстың алдын алу прокуратура қызметінің негізгі басымдығы. Біз тек құқық бұзушылықты ашуға емес, оның орын алуына жол бермеуге басымдық беріп отырмыз. Осы бағыттағы кешенді шаралардың нәтижесінде өңірдегі қылмыстық ахуал тұрақталып келеді. Прокурорлар заңсыз шешімдерге жол бермей, 38 процессуалдық шешімді келісуден бас тартқан, 14 азамат уақытша ұстау изоляторынан босатылған. Тергеу сапасын арттыру үшін мыңнан астам нұсқау беріліп, заң бұзушылықтарға жол берген 310 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Сонымен қатар өңірде құқық қорғау саласын цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «IT TERGEU», «Смарт браслет», «Киберволонтер», «Қылмыссыз өңір» жобалары іске асырылып, қылмыстық процесті цифрландыруға арналған «TERGEU PRO» жүйесін енгізу қолға алынған.

Облыс прокуроры интернет-алаяқтыққа қарсы заңнамалық өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, дропперлік қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін облыста 16 адамға қатысты айыптау үкімі шыққан. Осыған байланысты ол тұрғындарды банк карталары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Есепті кезеңде прокуратура органдары 28 тексеру жүргізіп, 266 мыңнан астам азаматтың, 5 700-ден астам кәсіпкердің және 56 мыңнан астам кәмелетке толмағанның құқықтарын қорғаған.

«Прокуратураның басты міндеті заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау. Алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, кәсіпкерлер мен тұрғындардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді Ризабек Ожаров.

Сондай-ақ облыс прокуроры прокуратура құзыретіне қатысты мәселелер бойынша азаматтарды әр аптаның сейсенбі күні жеке қабылдауға дайын екенін жеткізді.