Түркістанда 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғандардың 27 мүшесі сотталды
Түркістан облысында агробизнесті қолдауға бөлінген 3 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Олардың әрқайсысына қылмыстық әрекеттегі рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2016–2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Несие алу үшін жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктер тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлік туралы мәліметтер қоса ұсынылған.
Іс материалдарына сәйкес, несиелеу мамандары қажетті құжаттарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындылар мен тексеру актілерін рәсімдеген. Сондай-ақ қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін құжаттар дайындалып, несиелердің заңды түрде берілгені жөнінде жалған көрініс қалыптастырылған.
Бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары іс жүзінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүлікке қатысты жалған бағалау есептерін жасаған. Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін кепіл мүлкіне қатысты жалған құжаттарды куәландырған.
Тергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталды. Барлығы 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған.
Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, екі пәтер, төрт коммерциялық үй-жай және төрт автокөлік тәркіленді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.