×

Ақмола облысында электр желілерін жаңғырту қарқыны артады

Adal Adam 24.07.2026 | 11:45
Ақмола облысында электр желілерін жаңғырту қарқыны артады

Ақмола облысында электр желілерін жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге өтті. «Ақмола электр желісін үлестіру компаниясы» (АЭҮК) «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында инвестиция көлемін екі есеге жуық ұлғайтып, өңірдегі тозған инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарын жеделдетпек, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Компанияның бас директоры Александр Павловтың айтуынша, бүгінде өңірдегі электр желілерінің шамамен 64 пайызы тозған. 2011 жылдан бері 2,5 мың шақырымнан астам электр желісі мен 578 энергетикалық нысан жаңартылғанымен, қолданыстағы қаржыландыру ауқымды инфрақұрылымды толық жаңартуға жеткіліксіз болған.

Соңғы бес жылда компания кернеуі 35 кВ және одан жоғары 63 қосалқы станцияны жаңартып, 268 шақырым жоғары кернеулі және 373 шақырым тарату желілерін реконструкциялады. Сондай-ақ 191 жинақты трансформаторлық қосалқы станция орнатылды.

2026 жылы ұлттық жоба аясында 6 қосалқы станция, 197 шақырымнан астам жоғары кернеулі әуе желісі, 142 шақырымға жуық тарату желісі және 44 трансформаторлық қосалқы станция жаңартылады. Жалпы бір жылдың ішінде шамамен 340 шақырым электр желісі жаңғыртылады.

Жоба аясында цифрландыруға да басымдық берілмек. Макинск қаласында электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілсе, 110/10 кВ «Астана» қосалқы станциясында телемеханика жүйесі жаңартылады. Бұл жабдықтардың жай-күйін қашықтан бақылауға, ақауларды ерте анықтап, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Компания мәліметінше, ұлттық жоба аясында отандық өндірушілердің үлесі қазірдің өзінде шамамен 70 пайызды құрап отыр. Бұл белгіленген ең төменгі талаптан жоғары.

Александр Павловтың айтуынша, ұлттық жоба нәтижесінде электр желілерін жаңартуға бөлінетін қаржы екі есеге артып, 2029 жылдың соңына дейін желілердің тозу деңгейін шамамен 15 пайызға төмендету жоспарланған. Сонымен қатар жарықтың өшуі азайып, электр энергиясының есебі дәлірек жүргізіліп, жаңа тұтынушыларды желіге қосу мүмкіндігі кеңейеді.