×

Бірлік пен мәдениетті ұлықтайтын фестиваль: Қазақстанда этномәдени бірлестіктердің республикалық байқауы өтеді

Adal Adam 25.07.2026 | 16:45
Бірлік пен мәдениетті ұлықтайтын фестиваль: Қазақстанда этномәдени бірлестіктердің республикалық байқауы өтеді

Қазақстанда этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін қолдауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Бірлікке үн қосқан» республикалық фестивалі өтеді. Іс-шараны 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырады, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Фестивальдің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктердің шығармашылығын дамыту, халықтар арасындағы достықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлерін кеңінен насихаттау.

Байқау еліміздің барлық өңірінде екі кезең бойынша ұйымдастырылады. Алғашқы кезеңде облыстарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік іріктеу кезеңдері өткізіліп, үздік шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар анықталады. Жеңімпаздар республикалық кезеңге қатысып, қазан айында Астана қаласында өтетін қорытынды Гала-концертте өнер көрсетеді.

Фестивальге этномәдени бірлестіктердің өкілдері, халық шығармашылығын насихаттап жүрген өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар қатыса алады. Байқау бес номинация бойынша өтеді: «Үздік шығармашылық ұжым», «Үздік аспаптық шығарма», «Үздік орындаушы», «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» және «Үздік хор ұжымы».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль этномәдени бірлестіктердің шығармашылық жетістіктерін таныстырумен қатар, өңіраралық мәдени байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас таланттарды қолдауға мүмкіндік береді.

Фестивальдің қорытындысы Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында өтетін Гала-концертте шығарылады. Бұл шара Қазақстандағы этностардың мәдени әралуандығын танытып, елдегі бірлік пен татулық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.