Алматыдағы діни бірлестіктер қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді
Алматыда конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қалада түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға, діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауға және қоғамдық келісімді нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда мегаполисте 17 конфессияға қарайтын 181 діни бірлестік қызмет етеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Сонымен қатар 4 діни оқу орны, діни әдебиет тарататын 32 стационарлық пункт қызмет көрсетеді. Ресми түрде 143 миссионер тіркелген.
Басқарма деректеріне сәйкес, қаладағы дін ұстанушылардың басым бөлігін мұсылмандар мен православ христиандары құрайды. Мешіттерге тұрақты түрде 80 мыңнан астам адам барса, православ шіркеулеріне шамамен 20 мың, протестанттық бірлестіктерге 30 мыңға жуық адам келеді.
Конфессияаралық өзара іс-қимылды дамыту мақсатында 2017 жылдан бері Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бастамасымен Діни бірлестіктер басшыларының клубы жұмыс істейді. Бүгінде Алматыдағы 17 конфессияның 15-інің өкілдері клуб құрамына еніп, мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты диалог алаңын қалыптастырып келеді. Клуб аясында қоғамдық келісімді нығайтуға, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылуда.
2025 жылы клуб аясында кездесулер, форумдар, экологиялық акциялар және спорттық іс-шараларды қамтыған 20 шара ұйымдастырылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, жыл соңына дейін кемінде 20 іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 8-і өтті.
Клуб қызметінің маңызды ерекшелігі – діни бірлестіктердің бастамаларын өзара қолдау. Басқарма мен клуб мүшелері түрлі конфессиялар ұйымдастыратын қоғамдық, қайырымдылық және әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Діни бірлестіктер қоғамдық өмірге де белсенді араласып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосуда. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткізілетін іс-шаралар арқылы діни бірлестіктердің басшылары жамағат арасында тазалық мәдениетін насихаттап, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын түсіндіруге ерекше мән береді. Осы мақсатта Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Бутаков шатқалында экологиялық сенбілік өтіп, оған мыңға жуық адам қатысты.
Басқарманың тағы бір маңызды бағыты – діни мерекелердің қауіпсіз әрі ұйымшыл түрде өтуін қамтамасыз ету. 2025–2026 жылдары Рождество, Пасха, Рамазан және Ораза айт мерекелерін өткізу барысында барлық ұйымдастыру жұмыстары мемлекеттік органдармен бірлесіп үйлестірілді. Нәтижесінде барлық іс-шаралар қоғамдық тәртіптің бұзылуынсыз және төтенше жағдайларсыз өтті.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы алдағы уақытта да конфессияаралық диалогты дамыту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және діни саладағы профилактикалық жұмысты жалғастыруды көздейді. Бүгінде мегаполистегі тұрақты діни ахуал мен конфессиялар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастық қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр.