Азаматтардың басым көпшілігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» идеясын қолдайды – сауалнама
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 87,3%-ы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты туралы хабардар, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Зерттеу Қазақстанның барлық өңірінен 2400 респонденттің қатысуымен жүргізілген.
Сауалнама нәтижесі бойынша, азаматтардың басым бөлігі заң мен тәртіпті сақтауды мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі деп санайды.
Респонденттердің:
- 43,6%-ы заң мен тәртіпке мемлекет пен азаматтар бірдей жауапты дейді;
- 30,6%-ы бұл ең алдымен әрбір қазақстандықтың жеке міндеті деп есептейді.
Осылайша, сауалнамаға қатысқандардың 74,2%-ы заң мен тәртіпті қамтамасыз етуде азаматтардың жеке жауапкершілігі маңызды екенін айтқан.
Зерттеу жастар арасында да осы көзқарас кең таралғанын көрсетті. 18-28 жас аралығындағы жастардың 52,8%-ы заң мен тәртіпті сақтауға ең алдымен әр азаматтың өзі жауап береді деп санайды.
Сауалнама барысында Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты қоғамдық пікір де зерделенді.
Респонденттердің 67,1%-ы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын маңызды бастамалардың бірі деп атаған.
Ал 66%-ы Цифрландыру және жасанды интеллект жылын қолдайтынын білдірген. Сонымен қатар, 60,7% қазақстандық жасанды интеллект технологияларын елдің негізгі салаларына белсенді енгізуді құптайды.
Инфрақұрылымға қатысты сауалнамада ең жоғары баға мектептердің қолжетімділігіне берілген. Респонденттердің 78,9%-ы білім беру нысандарының қолжетімділігіне қанағаттанатынын айтқан. Сондай-ақ мәдениет мекемелері (73,8%), демалыс орындары (73,7%), балабақшалар (73,5%) және спорт кешендері (72,3%) бойынша да оң бағалау басым болған.
Зерттеу авторларының пікірінше, нәтижелер қазақстандықтардың заңдылықты нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға және өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамаларды жалпы қолдайтынын көрсетеді.