Wildberries қоймасын Қазақстанға көшіру мәселесіне министрлік пікір білдірді
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының қойма кешенін Қазақстанға көшіру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Wildberries тарапынан Қазақстан аумағында қосымша қойма орналастыру бойынша ресми өтініш түспеген.
Ведомствоның мәліметінше, егер мұндай ұсыныс түссе, ол ұлттық мүдделерді ескере отырып және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.
Министрлік халықаралық компаниялардың жобалары Қазақстан экономикасына инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық кәсіпкерлерге мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ ведомство Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтып, қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайтынын жеткізді.
Сонымен бірге министрлік нарықтың жекелеген қатысушылары үшін ешқандай ерекше жеңілдіктер немесе арнайы талаптар қарастырылмағанын мәлімдеді.