Астана алғаш рет әлемдік деңгейдегі WTT Star Contender турнирін қабылдайды
15–20 қыркүйек аралығында Астанада алғаш рет WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық үстел теннисі турнирі өтеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін додаға әлемнің 18 елінен 160 спортшы қатысады. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 300 мың АҚШ доллары.
Астанаға әлемдік үстел теннисінің танымал өкілдері келеді. Олардың қатарында қытайлық Ван Иди, франциялық Алексис Лебрен, германиялық Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар.
Ал 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо Қазақстан атынан Nomad Table Tennis Academy құрамында өнер көрсетеді.
Жарыс бес бағыт бойынша ұйымдастырылады: ерлер мен әйелдердің жекелей және жұптық сайыстары, сондай-ақ аралас жұптық бәсеке.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енген. Қазақстандағы жарысты Nomad Table Tennis Academy ұйымдастырады.
Турнир отандық спортшыларға әлемнің үздік үстел теннисшілерімен өз алаңында бәсекеге түсіп, халықаралық рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік береді.