Көкшетауда 28 бөлімшені біріктіретін жаңа аурухана салынып жатыр
Көкшетауда 630 орынға арналған жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жоба Ақмола облысы мен Солтүстік макроөңір үшін маңызды медициналық нысандардың біріне айналмақ.
Жаңа аурухана 28 клиникалық бөлімшені бір жерге біріктіреді. Мұнда қабылдау және диагностика, шұғыл медициналық көмек, хирургия, терапия, реанимация және қарқынды терапия, сондай-ақ оңалту қызметтері көрсетіледі.
Аумағы 111 мың шаршы метрден асатын кешен Көкшетаудың Сарыарқа шағын ауданындағы 17 гектар аумақта салынып жатыр. Қазір нысанның дайындығы 74 пайызды құрайды. Құрылыс алаңында 2300-ден астам жұмысшы мен 50-ден астам техника жұмылдырылған.
Аурухананың орналасуы жедел медициналық көмек үшін де қолайлы. Жоспар бойынша реанимациялық бригадалар қаланың кез келген нүктесіне 15–20 минутта жете алады.
Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Жаңа кешен қазіргі облыстық аурухананың орнын басады. Нысан іске қосылған соң тұрғындарға жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмекті Көкшетаудың өзінде көрсету мүмкіндігі артып, науқастарды басқа өңірлерге жіберу қажеттілігі азаяды.