×

Қазақстан ғалымдары жаңа сусын жасап шығарды

Даурен Омаров 14.09.2026 | 11:17
Қазақстан ғалымдары жаңа сусын жасап шығарды
АШМ

Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбір негізінде жаңа алкогольсіз сусын дайындау технологиясын әзірледі, деп хабарлайды Adaladam.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаны Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүзеге асырған.

Ғалымдар бал мен зімбірді бір сусын құрамында үйлестіріп, олардың пайдалы қасиеттерін барынша сақтауға мүмкіндік беретін тәсіл ұсынды. Зерттеу барысында сусынның 40 түрлі құрамы сынақтан өткізіліп, дәмі, иісі және өндірістік тиімділігі бойынша ең қолайлы төрт нұсқа таңдалған.

Зерттеу нәтижесінде дайын сусындардың құрамында антиоксиданттардың мол екені анықталды. Өндіріс кезінде бал мен зімбірдің құрамындағы пайдалы заттарды барынша сақтауға ерекше назар аударылған.

Жаңа технология отандық балды терең өңдеп, одан қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Әсіресе Қазақстанда өндірілетін балды сусын өндірісінде кеңінен пайдалануға жол ашпақ.

Әзірленген технологияға Қазақстанда пайдалы модель патенті алынған. Сондай-ақ алкогольсіз және спирті аз сусындарды өнеркәсіптік жолмен өндіруге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды.

Қазір жаңа технологияны отандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының өндірісіне енгізуге мүмкіндік бар.