«Ажарлы Алматы»: Еліміздің әр өңірінен келген суретшілер Алматыны шығармасында бейнеледі
Алматыда алғаш рет кәсіби суретшілер арасында ұйымдастырылған «Ажарлы Алматы» республикалық байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Қала әкімдігінің қолдауымен өткен байқауға еліміздің әр өңірінен 168 жұмыс келіп түскен. Оның 109-ы екінші кезеңге жолдама алды. Жалпы жүлде қоры – 10,5 млн теңге.
16 қыркүйекте Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы Галереясында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп, байқаудың қорытынды көрмесі ашылды.
«Бұл байқау Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының бастамасы және тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Алматы әрдайым мәдениет пен өнердің орталығы болып келді. Қаламыздың сұлулығын, өзіндік келбеті мен тыныс-тіршілігін шығармаларына арқау етіп, бар шеберлігін көрсеткен суретшілерге алғыс айтамын. Баршаңызды Қала күнімен құттықтаймын!» – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Байқауға Қазақстанның әр өңірінен кәсіби суретшілер қатысты. Жұмыстарды суретшілер, өнертанушылар, мәдениет саласының мамандары, музейлер мен галерея өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Бағалау кезінде орындау техникасы, туындының көркемдік құндылығы, идеяның бірегейлігі, мазмұны мен композициясы ескерілді.
Бас жүлдені «Алматы – қиял әлемі» туындысының авторы Нұрболат Асқар жеңіп алды. Екінші орын Нұрлан Қилыбаев пен Максим Ведерниковке, үшінші орын Жалғас Тілеуқабыл мен Құмар Омарханға бұйырды.
Тағы бес суретші – Қанат Шүкірбеков, Дәуренбек Бекназаров, Светлана Цой, Ақбота Әмірова және Мұхтар Бегенов ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқаудың үздік туындылары 23 қыркүйекке дейін Алматы Галереясында көрсетіледі. Сондай-ақ 19–20 қыркүйекте Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында Абай алаңында көпшілік назарына ұсынылады.
