×

Дархан Сатыбалды Алматының болашағы қандай болатынын айтты

Даурен Омаров 18.09.2026 | 09:59
Дархан Сатыбалды Алматының болашағы қандай болатынын айтты
Алматы қаласы әкімдігі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды  aqshamnews.kz-ке мегаполистің алдағы даму бағыты туралы көлемді мақала жариялап, қаланың экономикасы, көлік жүйесі, экологиясы, туризмі мен технологиялық болашағына қатысты негізгі жоспарларды атады, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Әкімнің сөзінше, Алматы экономикасының көлемі 72 млрд долларға жуықтап, Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40%-дан астамы қалаға тиесілі. Алайда экономикалық өсімнің нәтижесін тұрғындар күнделікті өмірінен сезінуі керек.

«Нағыз даму – қаланың көлемін емес, оның өмір сүру сапасын арттыру».

Алматыны бірнеше орталығы бар мегаполиске айналдыру жоспарланған. 2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» мен Almaty Downtown полицентрлері қалыптасып, кейін «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлер қосылмақ. Негізгі мақсат – тұрғынның жұмыс, мектеп, емхана, дүкен мен демалыс орнына жақын жерде қол жеткізуіне жағдай жасау.

«Жақсы қала – адамның күнделікті уақытын үнемдейтін қала».

Қоғамдық көлік те жаңарады. Метроны «Барлық» көлік торабына дейін ұзарту, шығыс бағытта әуежайға жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, 18,3 шақырымдық LRT және жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі Sky Train желісін салу қарастырылып отыр.

Алматының туристік әлеуетіне де ерекше мән берілмек. Тау кластері дамытылып, Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка және басқа туристік нысандарды байланыстыру көзделген. 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 млн-ға, 2050 жылға қарай 4 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Қалада 45 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы да бой көтермек. Нысан UEFA Category 4 талаптарына сай салынады. 2029 жылы Алматы екінші рет Қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Жаңа стадион салу жоспары бұған дейін де қала әкімінің мәлімдемелерінде айтылған.

Экология басты бағыттардың бірі болып қала береді. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру, қоғамдық көлікті экологиялық стандарттарға бейімдеу, LEZ жүйесін енгізу және қалдықтарды бөлек жинауды дамыту көзделген.

Әкім Алматының болашағын жасанды интеллект және креативті экономикамен де байланыстырады. Оның пайымынша, қала технологияны тұтынумен шектелмей, оны өзі өндіретін орталыққа айналуы керек.

«2040 жылға қарай Алматының негізгі экспорттық тауары шикізат емес, білімге, технологияға және креативке негізделген өнімдер болуы тиіс. Оның ішінде жасанды интеллект шешімдері, цифрлық өнімдер, ойын индустриясы, кино және медиа контент, дизайн, музыка және басқа да креативті индустрия өнімдері әлемдік нарыққа шығуы керек. Бұл – Алматының әлемдік қалалар арасындағы орнын өзгертетін жаңа өркениеттік бағдар», - деп жазады қала әкімі.

Сатыбалдының түйіндеуінше, Алматыны дамытудың басты өлшемі зәулім ғимараттардың саны емес, тұрғындардың өмір сапасы болмақ.

«Бізге жәй ғана үлкен Алматы емес, мүмкіндігі зор Алматы керек. Бізге биік ғимараттар ғана емес, биік адами құндылықтар керек. Бұл – Алматының болашағына апарар ең тура жол», - делінген мақалада.