Қазақстанда «Дала дәмі» жәрмеңкелері апта сайын өтеді
19 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталады, деп хабарлайды Adaladam.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Алғашқы жәрмеңке 19-20 қыркүйекте өтеді. Бір демалыстың өзінде ел бойынша 2 мың тоннадан астам отандық ауыл шаруашылығы өнімі саудаға шығарылады.
Жәрмеңкеде көкөніс пен жеміс-жидек, ет, сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар ұсынылады. Өнімдер делдалсыз, тікелей фермерлер мен өндірушілерден сатылады. Ал отандық шаруаларға сауда орындары тегін беріледі.
Астана мен Алматыда жәрмеңке сенбі-жексенбі күндері, ал қалған өңірлерде сенбі сайын ұйымдастырылады. Елордада әр аптада еліміздің әр өңірінен келген шаруалар өз өнімдерін ұсынбақ.
«Дала дәмі» тек сауда алаңы ретінде ұйымдастырылмайды. Жәрмеңкелерде өнімдердің дәмін тату, балаларға арналған ойын-сауық және ұлттық нақыштағы түрлі шаралар да қарастырылған.
«Дала дәмі» жәрмеңкелері 19 қыркүйектен бастап әр демалыс сайын өтеді.

