×

«KitapFest» кітап жәрмеңкесіне 50 мыңнан астам адам қатысып, 15 мыңнан астам кітап сатылды

Даурен Омаров 20.09.2026 | 21:31
«KitapFest» кітап жәрмеңкесіне 50 мыңнан астам адам қатысып, 15 мыңнан астам кітап сатылды
Алматы қаласы әкімдігі

Бүгін Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған елдегі ірі мәдени бастамалардың бірі – «KitapFest» кітап жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Арбатта екі күн бойы өткен ауқымды шараға 50 мыңнан астам адам қатысты. Жәрмеңке кітап пен оқырманды тоғыстырған маңызды мәдени алаңға айналды.

Биылғы жәрмеңкеге 60-тан астам отандық баспа қатысып, барлық жастағы оқырмандарға түрлі жанрдағы жаңа әрі таңдаулы кітаптарын ұсынды. Келушілер баспа өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алып, екі күн ішінде 15 мыңнан астам кітап сатылды.

Сонымен қатар, жәрмеңке аясында келушілер кітап сатып алып қана қоймай, сүйікті қаламгерлерімен кездесіп, олардың қолтаңбасын алуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкеде Ақберен Елгезек, Мирас Кесебаев, Санжар Керімбай, Бақытжан Бұқарбай және басқа да авторлар өз кітаптарын оқырмандарға таныстырды.

Қонақтардың ерекше назарын «KitapFest» аясында ұйымдастырылған қаламгерлер шатыры аударды. Мұнда белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар және баспа саласының өкілдерімен шығармашылық кездесулер өтті. Бағдарламаға жазушы, «SEN» және «MEN» бестселлер кітаптарының авторы Азамат Скаков, жазушы, «Хас» және «Аққұйын» кітаптарының авторы Жалғас Қазыбек, тарихшы, «Балалықтан даналыққа» кітабының авторы Сейілбек Мырзабай, баспагер, «Steppe world» баспасының директоры Раиса Қадырқызы және басқа да әдебиет пен мәдениет өкілдері қатысты.

Кездесулер барысында оқырмандар қаламгерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдебиет, кітап оқу және шығармашылық тақырыптарында еркін пікір алмасты.

Жәрмеңкенің мәдени бағдарламасы концерттік кешпен жалғасты. Сахнада өнерпаздар өнер көрсетіп, дәстүрлі әндер орындалды. Музыкалық бағдарлама мерекелік көңіл күй қалыптастырып, жәрмеңкенің мәдени мазмұнын толықтыра түсті.

Кітап жәрмеңкесі қала тұрғындары мен қонақтарына кітап әлеміне жақын болуға, жаңа шығармалармен танысуға және сүйікті қаламгерлерімен жүздесуге мүмкіндік берген нағыз әдеби мерекеге айналды.

«KitapFest-ке 3 жылдан бері қатысып келемін. Бүгін де жәрмеңкеге арнайы келдім. Бірнеше автордың жаңа кітаптарын алып, өзім көптен іздеп жүрген шығармаларды кездестірдім. Әсіресе сүйікті авторымның қолтаңбасымен кітап алу мен үшін ерекше қуаныш болды. Жыл сайын адамдардың көбейіп келе жатқанын байқаймын. Бүгін Алматы тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығы жоғары екеніне тағы бір көз жеткіздім», – деп алматылық тұрғын Дана Үсенхан жәрмеңкеден алған әсерімен бөлісті.

«KitapFest» екі күн бойы Алматы тұрғындары мен қонақтарын кітап, қаламгерлер және әдебиет әлеміне тоғыстырды. Мыңдаған оқырман мен ондаған баспаны бір алаңға жинаған жәрмеңке қаланың мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды.