×

Далада жалғыз жүрген 4 жасар баланы пойыз машинисі құтқарып қалды

Даурен Омаров 21.09.2026 | 09:40
Далада жалғыз жүрген 4 жасар баланы пойыз машинисі құтқарып қалды
ҚТЖ

Сарыөзек – Үштөбе бағытында жүк пойызының машинисі теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, пойызды тоқтатты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 20 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған. Машинист Айнабұлақ станциясына қарай жалғыз кетіп бара жатқан баланы теміржол төсемінің жанынан байқаған.

Сол сәтте пойыз шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист қызметтік тежеуді қолданып, пойызды тоқтатқан. Кейін баланы локомотив кабинасына мінгізіп, жағдай туралы диспетчерге хабарлаған.

Төрт жасар бүлдіршін Айнабұлақ станциясының кезекшісіне аман-есен тапсырылды. Станция қызметкерлері оның ата-анасымен байланысқан.