Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына: «Жол сапасын түзетіңіз, болмаса бұл шаруамен басқалар айналысады»
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов республикалық жолдардың сапасына қатысты «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевке қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Иманашевтың айтуынша, биылғы сегіз айда республикалық жолдардағы көлік қозғалысының қарқыны 30 пайызға артқан. Соған қарамастан жол-көлік оқиғаларының саны 10 пайызға азайған.
Алайда Үкімет басшысы жақсы көрсеткіштердің артында әлі де шешілмеген мәселелер көп екенін айтты.
«Баяндама жақсы болғанымен, шешілмей жатқан мәселе әлі де көп. Оны айтпадыңыз. Президент атап өткен олқылықтардың барлығы сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Жолдардың сапасы жоқ, түзетіңіз, болмаса бұл шаруамен басқа адамдар айналысады», – деді Бектенов.
Премьер-министр «ҚазАвтоЖол» басшылығынан жол сапасына қатысты жағдайды түзетуді талап етті.